Ескі пластик бөтелке өндейтін кәсіпорындар жабылудың алдында тұр
Қазақстанда пластик бөтелкелерді қайта өндейтін зауыттар 25-30 пайыз қуаттылықпен ғана жұмыс істеп тұр
Тіпті полигон басшылары жергілікті кәсіпкерлерге ПЭТ қалдықтарын сатудан соңғы уақытта бас тартыпты. Өйткені бағаға көңілі толмайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Отандық кәсіпкерлер Үкіметтен полимер өнімдерін шетелге шығаруға тыйым салуды сұраған.
Зауытта ескі пластик бөтелкелер қайта өңделеді. Құтылар түйіршектерге дейін ұсақталып, кейін одан жүкті бекітуге арналған арқан жасалады. Ал қақпағын құрылысқа қажет материалдарға қолданады. Бұл шетелдерде де сұранысқа ие. Дегенмен шикізат тапшылығынан кәсіпорынның соңғы уақытта жұмысы тоқтап тұр.
«Соңғы үш жылда ПЭТ бөтелкесінің бағасы аспандап шыға келді. 60 теңгеден 360-380-ге бір-ақ көтерілді. Бұл өнімдерімізге тым жоғары баға. Өзін-өзі ақтай алмайды. Ескі бөтелкелерді заңды, ресми түрде сатып алу да мүмкін емес. Базар да тек қолмақол ақшаға саудаланады. Соңғы уақытта Ресейге жіберетін құнымен бізге сатуымызды сұрасақ, келіспей қойды. Себебін де түсіндіріп айтпады», - дейді кәсіпкер Наталья Иванова.
Кәсіпкер «түсіндірмеді» дегенімен, сол қалдықты қолында ұстап отырған полигон басшыларына біздегі баға ұнамайды екен. Сондықтан көтерме бағамен шетелге сатқанды қалайды. Екі ортада шикізатсыз қалған отандық кәсіпкерлер Үкіметтен көмек сұраған.
«ПЭТ өнімін жинау және өңдеу бағдарламасын Үкімет қолға алатын сәт жетті. Пластик бөтелкелер қандай көлемде және қандай бағамен экспорттайтынын анықтауымыз керек. Өйткені бұған дейін полигонға төгілген қоқыстардың Ресей мен Өзбекстанға қалай жөнелтіліп келгенін ешкім білмейді», - деді Қазақстан қаптамашылар қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров.
Елімізде аталған шикізат экспорты жыл сайын көбейіп жатыр. Себебі оған барлық елде сұраныс жоғары. Соның салдарынан елімізде тапшылық туындауда. Кәсіпкерлер келтірген дәйекпен қаржы министрлігіндегілер келіскен. Енді 14 маусымнан бастап пластик қалдықтарын шетелге шығаруға алты айға тыйым салынды.
«Негізі, 2022 жылдың төрт айында елімізге импортталған ПЭТ қалдықтары 62 тоннаны құрады. Және дәл осы кезеңде экспорт бойынша 308 тонна ПЭТ қалдықтары алып келінген. Негізінен аталған тыйым салуды енгізудің басты мақсаты – отандық полимер өндірушілерді шикізатпен қамтамассыз ету. Сонымен қатар өндіріс көлемін ұлғайту және ішкі нарықтағы аталған тауарға бағаны қалыпты деңгейде ұстау», - деді ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
Елімізде пластик бөтелкелерді қайта өндейтін ірілі-ұсақты 15 зауыт бар. Қазір олар 25-30 пайыз қуаттылықпен ғана жұмыс істеп тұр. Оған шикізаттың аздығы мен бағасының қымбаттығы себеп. Енді сыртқа шығаруға қойылған шектеу мәселені шешуге тиіс деп күтіп отыр кәсіпкерлер.