Қазақстанның қай өңірлерінен «стелс-омикрон» штамы анықталды
Елімізде коронавирус инфекциясының түрлі штамының айналымы тіркелді
Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі коронавирус инфекциясы штамдарының айналымына мониторингті жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК мәліметінше, осы жылдың сәуір-мамыр айларында жүргізілген ПТР скринингінің нәтижелері бойынша коронавирус инфекциясының әртүрлі штамының айналымы анықталды. Барлық өңірде BA.1 «омикрон» штамы – 98,6%, оның ішінде 12 өңірде BA.2 «стелс-омикрон» – 36,7%, B.1.617-Delta – 1,4% анықталды.
«ПТР скринингінің нәтижелерін растау үшін толық геномды секвенирлеу жүргізілді. Жүргізілген толық геномды секвенирлеу нәтижесі бойынша BA.2 «стелс-омикрон» штамының – 93,8% (Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары), BA.1 «омикрон» штамының – 6,2% (Атырау, Қызылорда, Қарағанды облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары) айналымы анықталды», - делінген ВАК хабарламасында.
Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғана қарамастан, Министрлік коронавирус инфекциясына қарсы уақтылы вакцинациядан, ревакцинациядан өтуге кеңес береді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда КВИ-ге қарсы вакцинациялау және ревакцинациялау үшін вакцинаның 3 түрі бар (Пфайзер, Синофарм және КазВак), оның ішінде екеуін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған.