Украинадан қашқан 5 миллион босқын Еуропаның 44 еліне қоныстанды

Azattyq Rýhy

24 ақпаннан бері 7,3 миллионнан астам украиналық елден кеткен

Украинадан қашқан 5 миллион босқын Еуропаның 44 еліне қоныстанды
Фото: ЮНИСЕФ

Украинада 24 ақпанда басталған әскери іс-қимылдар салдарынан 7,3 миллионнан астам украиналық елден кетіп, шетелден баспана сұрауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Олардың 2,3 миллионға жуығы отанына оралғанымен, көпшілігінің енді баспанасы да, жұмысы да жоқ. Мұндай деректер Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының (БҰҰ БЖКБ) порталында жарияланды.

БҰҰ БЖКБ Украинадағы қақтығыс әлемдегі ең үлкен қоныс аудару дағдарысын туғызғанын атап өтті. Миллиондаған украиндық азамат көрші елдерге көшті, көбісі ел ішінде қоныс аударды.

БҰҰ және Украина билігінің жаңа деректеріне сәйкес, Украинадан кемінде 4,8 миллион босқын Еуропада ресми түрде тіркелген.

БҰҰ БЖКБ Жоғарғы комиссарының операциялар жөніндегі көмекшісі Рауф Мазудың айтуынша, босқындарды қабылдайтын мемлекеттер айрықша ықылас танытып отыр. Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер Украинадан келген босқындарға әлеуметтік қорғау мен түрлі қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етіп, алғаш рет Уақытша қорғау директивасын тез арада қабылдады. Басқа еуропалық мемлекеттер де осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Еуропада тіркелген 4,8 миллион украиналық босқынның 3,2 миллионы уақытша қорғауға өтініш берген.

"Украинадағы қауіпсіздік жағдайы тұрақсыз болса да, қазір адамдар шекарадан «екі жаққа да» өтіп жатыр. Кейбіреуі жағдайды бағалап қайту үшін Украинаға барса, енді бірі дүние-мүлкін тексеріп немесе туыстарына барып қайтып жатыр. Қалғандары тұрақтап қалу ниетімен Украинаның батысына және Киев пен Чернигов төңірегіндегі аудандарға оралып жатыр", - делінген БҰҰ хабарламасында.

Қайтып оралғандардың көбінің үйі қатты зақымданған. Олар жұмыс табуға тырысқанымен, соғыс экономикаға зиянын тигізіп жатқандықтан, қайта кетуге мәжбүр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.