Тергеу изоляторында темекі ішінен марихуана табылды
Тәркіленген есірткінің салмағы 2,76 грамм
Қызылордада тергеу изоляторына темекінің ішіне марихуана салып өтпекші болған азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қызылорда облысы қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ЗК-169/1 тергеу мекемесінде сәлемдемелерді қабылдау кезінде тыйым салынған зат анықталды.
Оқиға орнына дереу Қызылорда облыстық ҚПБ жедел тергеу тобы шақырылды. Арнайы топ тексеру барысында VEST темекісінің 200 данасын жеке-жеке пышақпен кесіп, қарап шыққан.
«Нәтижесінде 4 дана темекіден түсі жасыл, өзіне тән иісі бар, шөп тәрізді зат тәркіленді. Тәркіленген зат салмағы 2,76 граммды құрайтын кептірілген марихуана екені анықталды», - деп көрсетті Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 297 бабы 1 бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.