$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ішімдік ішкен КамАЗ жүргізушісін тоқтатқан полицей «Айбын» орденімен марапатталды

ҚР ІІМ вице-министрі Марат Қожаев Мамандандырылған патрульдік полиция батальонының қызмет аға инспекторы Архат Рақышевтің кеудесіне “Айбын” орденін тақты

Ішімдік ішкен КамАЗ жүргізушісін тоқтатқан полицей «Айбын» орденімен марапатталды
фото: Polisia.kz

Бүгін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мас жүргізушіні тоқтатып, қаншама тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғап қалған Архат Рақышевке Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі “Айбын” орденін табыстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

“Жасаған ерлігің үшін II дәрежелі “Айбын” орденімен наградталдың. Сол наградаңды министрдің тапсырмасымен өзіңнің көкірегіңе ілуге келіп отырмын, Архат батыр”, – деді вице-министр.

Нұр-Сұлтан қаласы ПД Мамандандырылған патрульдік полиция батальонының қызмет аға инспекторы өткен жылдың желтоқсан айында асқан ерлік көрсетіп, жол қауіпсіздігін сақтап қалған болатын. Ол елорданың Қошқарбаев көшесінде ережені өрескел бұзып, апатты жағдай тудырып келе жатқан жүк көлігін байқайды. Ер адам тәртіп сақшысының талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастырмақ болады. Қайғылы жағдайдың алдын алмақ болған Архат сол сәтте ауыр жарақат алады.

 “Көнбегеннен кейін Архат кабинаға кірген. Кабинаға кіріп, жүргізушіні тоқтатам деген кезде, қатты затпен басынан ұрып, есінен тандырып, машинаны тоқтатпай ары қарай жүргізіп, шайқалтып итеріп жіберген. Содан жерге құлаған. Қасында келе жатқан, осыны көрген жүргізушілер Архатты басып кетпес үшін тоқтаған”, – деді әкесі Қабдуәли Рақышев оқиғаны баяндап.

Полиция капитанына екі рет ота жасалған. Комада болған жігіт бүгінде есін жиды.

“Мектепті “алтын белгіге” бітірді. Одан кейін Еуразия ұлттық университетіне түсті. Сол университетті де жақсы тәмамдады. Одан кейін академиясын оқыды. Өзінің арманы болатын. Жұмысқа орналасты. Енді сол арманына жетті деп отыр едік… Полиция жұмысы – өте ауыр жұмыс. Елдің амандығын ойлайтын жұмыс қой. Барлығы балаңыз ерлік жасады деп жазып жатыр. Баламның ерлік жасағанына қуанамын. Ел азаматы болғанына қуанамын”, – деді Архаттың анасы Алма Рақышева.

Әріптестері де Архатты әрдайым қолдап, көмектерін аямауда. Оның алдағы емін де ведомство толық қамтитын болады.

“Ауруханада да мен өзім жанында болдым. Көрдім қандай болғанын. Департаменттің ауруханасына да көп рақмет. Қолдарынан келгенін жасады. 24 сағат бойы мен байланыстамын. Қандай көмек болса да қол ұшын беруге дайынбыз”, – деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД Мамандандырылған патрульдік полиция батальонының взвод командирі Нұрбек Қағыбаев.

Мас күйде көлік тізгіндеген жүргізуші 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары