$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақпанның соңынан бері Ресейдің 42 мың азаматы қазақстандық ЖСН алған

Ал құжатты онлайн алу тоқтатылған уақыттан бері 2852 ресейлік ЖСН алған

Ақпанның соңынан бері Ресейдің 42 мың азаматы қазақстандық ЖСН алған
Фото: sputnik.kz

Ақпан айының соңынан бері 42,5 мыңнан астам ресейлік қазақстандық ЖСН алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19 есе жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

"2022 жылдың 24 ақпанынан бүгінге дейін 42 506 ресейлік азамат Қазақстаннан ЖСН алды. Өткен жылы осы уақыт аралығында Ресейдің 2 230 азаматы ЖСН алған болатын", - деп мәлімдеген Ішкі істер министрлігі LS порталына.

Осылайша, бұл көрсеткіш 19 еседен асып кеткен.

Министрлік сондай-ақ биыл Қазақстанға Ресей төлқұжатымен 400 мыңға жуық адам кіргенін және 580 мың адамның кеткенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп екенін мәлім етті.

"Бұған карантиннің әлсіреуі және сәуір айында құрлықтағы шекараның ашылуы себеп болып отыр. Бұрын тек ұшақпен ғана кіріп-шыға алатын. Келушілердің үштен екісі Қазақстанға құрлықтағы шекара бекеттері ашылғаннан кейін кірген. Елден кеткендерге қатысты үрдіс те осындай", - деп түсіндірді ІІМ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 26 мамырдан бастап шетелдіктерге ЖСН берудің онлайн қызметі қолжетімсіз болып қалған болатын. eGov.kz сайты техникалық себептерге сілтеме жасап, Ішкі істер министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Бұл ретте шетелдіктер ЖСН-ді халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ала алады.

«26 мамырдан бүгінгі күнге дейінгі кезеңде Мемлекеттік корпорация арқылы Ресейдің 2852 азаматы ЖСН алды», - деп хабарлады ІІМ.

Сондай-ақ ведомство ЖСН банктік карталарды, шоттарды, заңды тұлғаларды ашуға, мемлекеттік баж салығын төлеуге, мәмілелер жасауға және т.б. байланысты әлеуметтік, медициналық, қаржылық және басқа да мәселелерді шешу үшін қажет екенін қосты

Серіктес жаңалықтары