Азаматтардың белсенділігі бойынша ең төменгі көрсеткіш Алматыда тіркелді
Сарапшылар мегаполистер үшін бұл қалыпты жағдай деп санайды
Орталық сайлау комиссиясы ел азаматтарының дауыс беруі бойынша сағат 22:00-дегі мәліметті жариялады. Оған қарағанда алматылықтардың референдумға қатысу көрсеткіші төмен болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматы қаласы бойынша дауыс беру құқығына ие азаматтардың 33,30%-ы таңдау жасады.
Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті, экономист, қоғам белсендісі Бекнұр Қисықов брифинг барысында бұл мегаполистер үшін қалыпты жағдай, тіпті Нью-Йорк пен Ыстанбұлда да осылай болған деп түсіндірді.
Сонымен қатар спикер Алматы тұрғындары бұған дейінгі сайлауларда да аса белсенділік танытпағанын атап өтті.
Дауыс беру көрсеткішінің төмен болуына Алматыда жұмыс істейтін, бірақ басқа қалада тіркеуде тұрған азаматтардың кейбірі дауыс беруге қатыспағаны әсер етуі мүмкін деп санайды ол.
«Қалада жұмыс істеп жүрген өзге аймақтың адамдары дауыс беру мүмкіндігі пайдалана алмады. Көбі тіркеу талонын алдын ала алмаппыз деп өкініп қалды»,- деді Бекнұр Қисықов.