Түске дейін қарт кісілер, түстен кейін жастар ағылды – Нұр-Сұлтандағы сұхбатшы
Сұхбатшы Айгүл Әбілғазинаның айтуынша, кешке қарай учаскеге халық көптеп келе бастаған
Нұр-Сұлтан қаласы №82 дауыс беру учаскесінде жұмыс істеген сұхбатшы Айгүл Әбілғазина таңертеңнен бері учаскеде адам қарасы үзілген жоқ дейді. Оның байқағаны, түске дейін қарт кісілер дауыс беруге асықса, түстен кейін жастар көбейген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Халық біздің сұрақтарымызға ықыласпен жауап беріп жатыр. «Жоқ, жауап бермеймін» деп айтқан кісі аз. Үш-төрт кісі ғана. Қалғанының бәрі пікірлерін ашық айтты. Осы учаскеге шамамен 400-ге жуық адам келді. Бұл кешкі уақытты санамағанда, дәл қазір жұмыстан шығып, келіп жатқан азаматтар көп», - дейді Айгүл Әбілғазина.
Сұхбатшы әрине, дауыс берген адамдарға қандай сұрақ қойылғаны және олардың жауабы құпия ақпарат екенін еске салды.
Ал жалпы, оның болжамына сенсек, дауыс берушілердің көбі сауалнамаға қуана жауап беріп, референдум жайлы ойларын ашық айта білген.