$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Референдумда Қазақстанға танымал тұлғалар дауыс берді

Бүгін елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтіп жатыр

Референдумда Қазақстанға танымал тұлғалар дауыс берді
Коллаж: Azattyq Rýhy

Орталық референдум комиссиясының мәлімет бойынша Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өтіп жатқан республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс берді. Олардың арасында жоғары лауазымды шенеуніктер мен елімізге танымал тұлғалар да бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Референдумда алғаш болып дауыс бергендердің арасында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов болды.

«Референдумға қатысып, өз учаскемде дауыс бердім. Жалпы дауыс беру процесі өте жақсы ұйымдастырылған. Сайлаушылардың белсенді қатысуына қарамастан, комиссия мүшелері жұмыстарын тиянақты істеп жатыр», - деп пікір білдірді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин отбасымен бірге сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

«Өзіміздің және келешек ұрпақтың болашағы үшін дауыс бердік», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ал Шымкенттегі «Түркістан» сарайында орналасқан №231 референдум учаскесінде жанұясымен өз таңдауын жасаған әйгілі Асанәлі Әшімов бұл іс-шараның маңызды екенін айтты.

«Бүгін еліміз өз болашағын айқындайтын маңызды күн. Бұл жолда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдум жариялау арқылы шешім қабылдауды бүкіл халыққа салып отыр. Араға 27 жыл салып Ата заңға қатысты жалпыхалықтық референдум тарихымызда екінші рет өтіп жатыр. Бұл жолы еліміздегі басты құжаттың 33 бабына 56 өзгеріс енгізілмек.  Бұл – демократиялық жүйенің бір көрінісі», - деді ардагер актер. 

Сондай-ақ Тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов та референдумда дауыс берді.

«Ертеңгі жарқын болашаққа, халқымыздың биік деңгейге көтерілуіне. Дүниежүзіне танылуына. Сондықтан жарқын болашақ бүгіннен басталады. Жауапкершілікпен, ойыма түйгенім, білгенім, жалпы жарқын болашақ үшін дауыс бергім келеді», - деді академик.

Ал Атырауда Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов референдум учаскесіне келіп, дауыс берді.

«Бұл референдумның Қазақстан халқы үшін маңызы өте зор. Біз – Ата Заңымызды ерекше құрмет тұтатын халықпыз. Сол себептен, дауыс беру – ел үшін, қоғам үшін қажет қадам. Бұл – бүгініміз бен болашағымыз үшін ерекше мәнге ие. Халықтың бүгінгі таңдауы өздері үшін игілікті, әділ әрі әділетті болса екен. Осы референдумның нәтижесінде Қазақстанымыз жан-жақты дамып, көркем елге айналса екен деген тілегім бар. Ұрпағымыз осы референдумның игілігін көрсе екен», - деді композитор, өнер зерттеушісі.

Сонымен қатар танымал скрипкашы Жәмилә Серкебаева Алматыдағы Ұлттық кітапхана ғимаратынада орналасқан №254 учаскеге келіп дауыс берді.

«Мемлекет басшысы Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізілетінін атап өткен болатын, ол қоғамның барлық саласын қамтиды. Еліміздің дамуына әсер ететін өзгерістер бүгіннен басталып жатыр. Бүгін мерекелік көңіл күйдемін, өйткені бұл тарихи маңызды күн», - дейді Жәмилә Серкебаева.

Қазақстандық шахматшы қыз Жансая Әбдімәлік те Алматыдағы №557 референдум учаскесінде дауысын берді.

«Жеке есебім бойынша, бұл – мен қатысып жатқан екінші саяси науқан. Алғашқы рет 2019 жылы Президент сайлауында дауыс бергенмін. Референдум – біздің еліміз үшін ауқымды тарихи оқиға. Мен үшін бұл алдымен өзімнің азаматтық позициямды білдіруге болатын мүмкіндік деп санаймын», - деді Жансая Әбдімәлік.

Серіктес жаңалықтары