Алматыда істі болып, әлі сотталмаған 1 мыңнан астам күдікті референдумға барды
Бүгін елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтіп жатыр

Алматы қаласы Тергеу изоляторындағы тұтқындар таңертең ерте ЛА-155\18 түзеу мекемесіндегі сайлау учаскесіне келіп дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 104-бабының 3-бөлігінде көзделгендей, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын сотталғандардан өзге күдіктілердің республикалық референдумға қатысуға құқықтары бар. Аталған санатқа тергеу тұтқынындағылар мен соттың үкімі әлі күшіне енбеген, жасы он сегізге толғандар жатады.
«Осындай маңызы зор саяси науқанға ЛА-155/18 мекемесіндегі тергеу қамауындағылар да белсенді түрде атсалысты. 5 маусым күні таңғы 7:00-ден бастап тергеу изоляторындағы дауыс беруге құқылы 1025 күдікті дауыс берді. Оларға алдын ала Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістердің маңызы туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген», - деді мекеме бастығы және №479 сайлау учаскесінің төрағасы әділет подполковнигі Әсет Жұмадиев.