Ақтөбеде референдумда дауыс беруге көпбалалы отбасы келді
Отбасында ата-анасын қосқанда, 10 сайлаушы бар
Ақтөбе қаласында дауыс беруге көпбалалы отбасы келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ерлі-зайыпты Амангүл мен Өмірхан Жетесовтер 21 баланы тәрбиелеп отыр, олардың үшеуі – өз баласы, қалғанын асырап алған.
«Отбасында ата-анасымен бірге 10 сайлаушы бар. Данияр мен Көркемай Жетесовтер алғаш рет дауыс береді, биыл олар 18 жасқа толды», - деп жазады Referendum2022.kz Telegram-арнасы.
Айта кетейік, бүгін елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өтіп жатыр.
Осыдан тура бір ай бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Барлығы республика бойынша 10 013 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Қазақстандықтар сондай-ақ шетелдерде дауыс беруге құқылы.
Референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың тізіміне 11,7 млн сайлаушы қосылған.
Барлық сайлау учаскесі таңғы 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.