ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 78 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«Қаза тапқан ұшқыштарды кінәлі етіп шығаратындай көрінеді» - депутат Алматыдағы ұшақ апаты жайлы

Депутаттар «Bek Air» әуе компаниясы қаза тапқандардың отбасы мен зардап шеккендерге өтемақы төлемегенін айтты

Фотоколлаж

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Bek Air» әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатына қатысты Премьер-министр мен Бас прокурордың атына депутаттық сауал жолдады. 

«Ұшақ сыртындағы мұзды ерітуге арналған сұйықтықты үнемдеді деген желеумен тағы да қаза тапқан ұшқыштарды кінәлі етіп шығаратындай көрінеді. Олардың басын бәйгеге тігуі – екеуінің таңдауы емес. Бақилық болғандар өздерін қорғай алмайды. Бұлай істеулері дұрыс па?», - деді депутат А.Перуашев.

«Aq Jol» фракциясының депутаттары тасымалдаушы компания қаза тапқандардың отбасы мен зардап шеккендерге өтемақы төлемегендерін айтты. Сондай-ақ, «Bek Air» қайғылы оқиғадан кейін тоқтатылған әуе рейстеріне билет алған жолаушылардың ақшасын әлі күнге дейін қайтармаған.

«Заңды өтемақы төленбеген, зардап шеккендерге қолдау шаралары көрсетілмеген. «Bek Air» өкілдері ауруханаға барып, жарақат алған жандардың жағдайын білуге жарамады. Тіпті, қаза тапқандардың жерлеу рәсімінде де бой көрсетпеді. Әуе компаниясы қайғылы оқиғаға тікелей қатысты жоқтай, тек БАҚ арқылы көңіл айтты», - деді А.Перуашев. 

Еске сала кетейік, өткен жылдың 27 желтоқсанында Алматы қаласының маңында «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы «Bek Air» компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам қаза тауып, 67 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Үкіметтік комиссия апат себебінің алдын ала болжамын жариялады. Комиссия ұшақтың сыртындағы қатып қалған мұзды еріту жұмыстары жартылай ғана жасалғанын анықтаған.

«Ұшақ командирі арнайы сұйықтықпен тек стабилизаторды ғана өңдеуге шешім қабылдаған. Ұшақтың қанаттары өңделген жоқ. Ол күні Атырауға ұшқан тура сондай ұшақтың да сырты сұйықтықпен өңделмегені анықталды», - деді Р. Скляр.

Оқи отырыңыз: Ұшақ апатынан зардап шеккендер Тоқаевқа «өтемақы төленбеді» деп хат жазған

Айта кетейік, кеше Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұшақ апатынан жарақат алған екінші ұшқыш Мейіржан Молдақұловтың көз жұмғанын хабарлады.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан