Өзбекстан халқының саны 34 миллионға жетті
Халықтың жартысынан көбі қалада шоғырланған
Өзбекстан мемлекеттік статистика комитеті халық саны (Өзбекстан халқы – ред.) бір жылда 651 мыңнан астам адамға көбейгенін хабарлады. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша Өзбекстан халқының саны 33,2 миллион адам болған. Арада тура бір жыл өткенде, яғни 2020 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша халық саны 33,9 миллионға жеткен.
Халық ең көп шоғырланған өңірлер – Самарқанд (11,4%), Ферғана (11,1%) және Қашқардария облыстары (9,7%).
«QHA - Kırım Haber Ajansı» агенттігі таратқан ақпаратта Өзбекстан халқының жартысынан көбі қалада тұратыны айтылған. Нақтырақ айтсақ, 50,5%-ы қалаларда, 49,5%-ы ауылдық жерлерде. Сондай-ақ халықтың 58,9%-ы пайызы жұмысқа жарамды азаматтар болса, 30,5%-ы 18 жасқа дейінгі жастар мен балалар, 10,6%-ы зейнеткерлер екен.
«Өзбекстан – ТМД елдері арасындағы ең жас және тез дамып келе жатқан ел», - делінген түркиялық «QHA - Kırım Haber Ajansı» агенттігі таратқан мәлімдемеде.