Назарбаев: Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікті кімнің ұйымдастырғанын анықтау маңызды
Елбасы дәл сол кезде Президентке жан-жақты қолдау көрсетудің маңызды болғанын айтты
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сасаттанушы Данияр Әшімбаевқа берген сұхбатында Қаңтар оқиғасы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қаңтар оқиғасы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Бұл ұйымдасқан тәртіпсіздіктер мен Қазақстанға жасалған шабуылдардың мақсаты елге бейберекеттік себу, мемлекеттің тұтастығын бұзу болды. Қайғылы оқиға бәрімізге сабақ болды. Жаппай тәртіпсіздік пен адамдар өлімін ұйымдастырудың артында кім тұрғанын анықтау маңызды. Тергеу ісінің осы сұраққа жауап беретініне сенімдімін. Бүкіл елде дайындалып жатқан толқулар туралы тиісті құқық қорғау органдарының неге білмегенін немесе білгісі келмегенін түсіну керек», - деп атап өтті Тұңғыш Президент.
Елбасы сол кезде өзі үшін ең бастысы, Президентке жан-жақты қолдау көрсету, түрлі қауесет пен болжамдарға үн қатпау маңызды болғанын жеткізді.
«Президентке еліміздің Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының өкілеттіктерін бердім. Президенттің дәл сол шешуші әркеттері оқиғаның мүлдем жаман сипат алып кетпеуінің алдын алды», - деді Н. Назарбаев.
Ол еліміздегі барлық саяси реформалар мен қайта құрулардан кейін не істейстінін, сонымен қатар алдағы жоспарлары туралы айтты.
«Жалпы, саясаткердің отставкаға кеткеннен кейін не істейтіні маңызды емес деп ойлаймын. Саясаткерлер келеді, кетеді, бірақ халық пен ел қалады. Ең бастысы, еліміздің одан әрі қалай дамитыны және алда бізді қандай өзгерістер күтіп тұрғаны. Менің президенттік қызметімде біз барлық жақын көршімізбен, Батыс әлемі елдерімен сенімді қарым-қатынас орнаттық. Еліміз халықаралық саяси аренада құрметке ие және бізде өзгелермен қайшылықты жағдай туатындай еш алғышарт жоқ», - деді Н. Назарбаев өз сұхбатында.
Ол қазақстандықтардың демалысқа немесе іссапарға шетелге еркін шығатынын, оларға әрқашан құрметпен қарайтынын, қазақстандықтардың шетелге жұмыс іздеп кетпейтінін айтты.
«Мен отставкаға кеткеннен кейін өзім бірге жұмыс істеген көптеген мемлекет басшылары хабарласып, өз еліне келуге шақырды. Мен олардың бәріне ризамын. Кейбіреуімен әлі де байланысып тұрамын. Менің тікелей қатысуыммен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ, Түркі мемлекеттері ұйымы мен құрметті төраға етіп сайлады. Менің Қорымның жұмысы да назар аударуды қажет етеді», - деп тоқталды Елбасы.
Ол жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелеріне уақыт бөлуді жалғастыратынын айтты.
«Менің Жарлығыммен Семей полигоны жабылғаннан кейін, біз ядролық арсеналдан бас тарттық, бүгінде Қазақстан ядролық қарусызданудың көшбасшысы ретінде танылды. Сонымен қатар, мен өз өмірім мен атқарған қызметім туралы естеліктер жазумен айналыспақпын. Менің бүгінгі ойым, тілегім, дұғам – Қазақстанның амандығы, тұрақтылығы мен гүлденуі. Ұрпақтарымыз бізден де көп жасасын. Мен оларға бұл жолда шын жүректен табыс тілеймін», - деп сөзін түйіндеді Н. Назарбаев.