Алматыда ереже бұзған КамАЗ жүргізушісі үш көлікті соқты
Соғылған көліктердің бірінде жүкті әйел мен бала болған
Алматы қаласында ереже бұзған КамАЗ жүргізушісі жол апатына себеп болды. Апат үш көліктің қатысуымен Райымбек даңғылында орын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, КамАЗ Райымбек даңғылы бойымен қатты жылдамдықпен келе жатқан, оның үстіне арлы-берлі қатардан қатарға өтіп отырған.
№7 қалалық ауруханасы артында ол Toyota Camry-ді іліп кетеді. Бірақ оған тоқтамаған жүргізуші ақ түсті Hyundai Elantra-ның алдын кесіп өтеді. Жеңіл көлік жүргізушісі оған соқтығыспауға тырысып, рөлді бұрып, жолды бөлуші басты жолаққа қарай ұшып кетеді. Көлік жолақ шетіндегі қалқаға сырылып, оның 10 метрін бүлдірді.
Бұл уақытта КамАЗ жүргізушісі қызыл түсті тағы бір Hyundai Elantra-ны барып соқты.
Екі Hyundai оқиға орнында тоқтады, ал Toyota жүргізушісі мен басқа да куәгерлер жүк көлігінің соңына түсіп, қуа жөнелген. Біраз уақыттан кейін олар жүк көлігін тықсырып, тоқтауға мәжбүр етеді. Куәгерлер кабинадан 3-4 адам секіріп шыққанын айтты. Олардың біреуін ұстау мүмкін болған. Сондай-ақ, куәгерлер жүк көлігінің ішінде сыраның бөтелкелері шашылып жатқанын айтты.
Ұсталған адамды медициналық куәландыруға алып кетті. Оқиға орнында криминалист саусақ іздерін алды.
Жол апатынан бірнеше адам зардап шекті. Қызыл түсті Hyundai-дың жүргізушісі ауруханаға түсті, бірақ кейін ол апат орнына оралды. Ақ түсті Hyundai-да екі жүкті әйел және екі жасар бала болған. Жүкті әйелдің бірін дәрігер оқиға орнында қарап, үйіне қайтарды, ал екіншісін екі жасар ұлымен ауруханаға алып кетті.