Алматыда алимент төлеуден қасақана жалтарған әке сотталды
Алатау ауданында жыл басынан бері алименттен жалтарған 24 қашқын әке ұсталып, олардың барлығы 5 тәулікке қамалған
Алматыда алимент төлеуден жалтарған қашқын әкелерді жазаға тарту жалғасып жатыр. Биыл балалар жылы ретінде жарияланса да, құқығы бұзылған, әкесінің қамқорынсыз қалаған балалар аз емес. Алатау ауданында прокуратураның араласуымен алименттен жалтарған 24 қашқын әке ұсталып, олардың барлығы 5 тәулікке қамалған. Ал өзінің балаларына қамқорлық жасаудан қасақана қашқан тағы бір қатыгез әке қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ауданда 2185 балаға қатысты соттың 1692 шешімі шыққан. Оның ішінде 957 борышкер ерікті түрде алимент төлейді. Бірақ туған балаларынан бас тартқан әкелер де аз емес. Алимент төлеуден жалтарған әкелерге қолданыстағы заң бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік және 5 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
«Қасақана жалтарушылармен әкімшілік жауапкершілікке тарту арқылы күрес жүріп жатыр. Осындай 24 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сотпен 5 тәулікке дейін айыппұл және қамауға алу түріндегі жаза тағайындады. Әкімшілік шаралар қабылданғаннан кейін борышкерлер ішінара жалпы сомасы 2 млн теңгеден астам берешекті өтеген. Мысалы бір борышкердің мойнында 6 жыл бойы төленбеген 2,7 млн теңге алимент берешегі жинақталған. Сот орындаушысының борышкермен жүргізген түсіндіру жұмыстары еш нәтиже бермей, борышкер ресми түрде жұмысқа орналасудан және алимент төлеуден бас тартты. Борышкерге қатысы әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдауға тура келді. Үш тәулік қамауда отырғаннан кейін, өзінің жауапкершілігін түсініп, берешегін ішінара өтеп, ресми түрде жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта өндіріп алушы ай сайын балаларды күтіп-бағуға алимент төлемдерін алып келеді», - деді Алматы қаласы Алатау ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев.
Әкімшілік жазаларды елемейтін адамдар да аз емес. Ондай борышкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Көп жағдайда ата-аналар өз кірістерін жасырады. Тіптен еш жерде жұмыс істемесе немесе ресми түрде жұмысы жоқ болса алимент төлеудің қажеті жоқ деген қате пікірмен жүре береді. Алайда бұл мүлдем қате ұғым, жұмыссыз болса да заң алименттен босатпайды.
«Мысалы борышкер Т. бұған дейін бірнеше рет алимент төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса да, өзіне тиісті қорытынды жасамай, қасақана жалтаруды жалғастырған. Біз оны қылмыстық жауапкершілікке тарттық, сотпен 1 жылға бас бостандығын шектеу үкімі шықты. Борышкерлерді жауапкершілікке тартудан басқа, біз олардың жұмысқа орналасуына жәрдем көрсететінімізді атап өткім келеді. Жыл басынан бері 8 борышкерді ресми түрде жұмысқа орналастыруға ықпал еттік. «Балаларды қорғау күні» мейрамы қарсаңында қатаң шаралар қабылдауға жеткізбей, ата-аналарды өз міндеттемелерін уақытылы орындауға шақырамын. Мемлекет басшысы атап өткендей, өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», - деді Алатау ауданының прокуроры.