$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әлихан Смайылов Каспий құбыр консорциумының бас директорымен кездесті

ҚР Премьер-министрі КҚК мұнай құбырын апатсыз пайдалануды қамтамасыз етуі үшін қажетті шараларды қабылдауы керек деді

 

 

Әлихан Смайылов Каспий құбыр консорциумының бас директорымен кездесті
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бас директоры Николай Горбань қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында атап өтілгендей, қазіргі кезде мұнай құбырының өткізу қабілетіне қойылған шектеулер алынып тасталды және қазақстандық жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау толық көлемде қалпына келтірілді. Айлақтың барлық құрылғылары жұмыс істеп тұр.

«КҚК теңіз терминалында зақымдалған жылжымалы айлақ құрылғыларын жөндеу жұмыстары аяқталғанына қуаныштымыз. Бұл шектеулерді алып тастауға және Қазақстанда мұнай өндіруді толық көлемде қалпына келтіруге мүмкіндік берді», — деді ҚР Премьер-министрі.

Әлихан Смайылов Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін қосымша мұнай көлемін тасымалдау үшін КҚК құбыр жүйесінің осал жерлерін жою жобасын уақытылы іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

«КҚК мұнай құбырын одан әрі апатсыз және үздіксіз пайдалануды қамтамасыз етуі аса маңызды. Бұл үшін барлық қажетті шараларды қабылдау керек деп санаймын», — деді Қазақстан Үкіметінің басшысы.

КҚК мұнай құбыры Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған ірі кен орындарынан мұнай экспорттаудың ең төте жолын және неғұрлым тиімді экономикалық жағдайларды қамтамасыз етеді. 2021 жылы Қазақстаннан құбыр арқылы 53,1 млн тонна мұнай, 2022 жылғы қаңтар-сәуір айларында 18,7 млн тонна мұнай тасымалданды.

 
Серіктес жаңалықтары