Қазақстандағы ең дәулетті бизнесмендер тізімінде қандай өзгерістер болды
Миллиардерлер саны сегізге дейін өсті
Қазақстандық топ-50 бизнесмен капиталын көбейтті, бірақ оның бір бөлігін келесі рейтингке дейін жоғалтуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Forbes.kz-ке сілтеме жасап.
Пандемиядан кейін экономика қайта қалпына келіп, қалыпты өмірге ораламыз деп бәріміз күткен жыл одан да зор түбегейлі өзгерістерді әкелді. Украинадағы соғыс, оған жауап ретінде Батыс елдерінің (шығыстағы елдердің де бір бөлігінің) Ресей мен Беларусьқа салған санкциялары Қазақстанның халықаралық саудадағы логистикасының және ЕАЭО ішіндегі сауда-шаруашылық байланыстарының құлдырауына әкеп соқты. Десе де, осы жолғы рейтингте бұл аса қатты білінбеді, өйткені бизнесмендердің қаржылық жағдайы негізінен, қазір белгілі болып отырғандай, салыстырмалы түрде сәтті болған 2021 жыл қорытындысы бойынша, жекелеген түзетулерді ескере отырып, бағаланды. Бірақ халықаралық биржаларда саудаланатын компанияларға қарасақ, мұны бірден байқаймыз.
Kaspi.kz акцияларының ауытқуына байланысты Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе екеуі бір жыл ішінде 1,9 млрд доллар жоғалтты. Соғыс топ-50 рейтингінің барлық қатысушыларының дәулетіне қалай әсер ететінін біз толығымен тек келесі жылы ғана көре аламыз. Дегенмен қазірдің өзінде, біздің дәстүрлі анонимді сауалнамамызға (оның қорытындысын алдағы беттерден оқи аласыз) жауап берген тізімге енген бизнесмендердің басым көпшілігі – 90%-ға жуығы Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыс олардың кәсібіне теріс әсер еткенін немесе алдағы уақытта теріс әсерін тигізетінін айтты.
Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан кейін және оның артынан болған ішкі саяси турбуленттіліктен кейін рейтингтің кейбір тұрақты қатысушылары редакцияға хабарласып, оларды Forbes Kazakhstan тізіміне қоспауын өтінді. Оларды түсінуге болады, біздің рейтинг пайда болған уақыттан бері президент әкімшілігі мен үкімет түрлі «ерікті-мәжбүрлі» түрде болатын ақшалай алымдар мен әлеуметтік-экономикалық бастамаларды ұйымдастырғанда рейтингтің қатысушыларын «заңды олжа» ретінде арагідік пайдаланып тұрады. Биыл да оларға жұмылып жаңадан құрылған «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорының тұрақты демеушілері болуды ұсынды. Бұл жерде қазақстандық Forbes тізімі қатысушыларының әрқайсысында дерлік жеке қайырымдылық қорлары бар екенін айта кету керек. Осы жерде топ-50 қатысушыларының есімдерінің көпшілігінің жанында тұрған сан автоматты түрде олардың депозитінде немесе ағымдағы шотында тура сол сома жатыр дегенді білдірмейді. Ол тек қазірге мәлім болып отырған, жұмыс істеп тұрған бизнестің бағалануы ғана. Десе де, қатысушылардың бұл рейтингтен (кез келген басқа да рейтингтен) шығарып тастау туралы өтінішін біз қанағаттандыра алмаймыз әрі қатысушыны оған қосу үшін заң бойынша бізге одан рұқсат сұраудың қажеті жоқ. Тізім расталған ашық деректер негізінде қалыптасады. Біздің БАҚ ретінде сәйкесінше ақпаратты таратуға құқығымыз бар, ал бұған кедергі жасау заңсыздық болып табылады.
Жаңа топ-50 тізімінен елеулі өзгерістерді байқайсыз. Миллиардерлер саны сегізге дейін өсті және бұл – рекорд. Бұған металдарға бағаның шарықтай қымбаттауына байланысты Ибрагимовтар отбасына тиесілі компаниялардың капитализациясының өсуі себеп болды.
Тізімге Қайрат Боранбаев (2021 жылдың рейтингінде 14-орында) пен Қайрат Сатыбалды (2018-де 47-орында) кірген жоқ, өйткені рейтинг дайындалып жатқанда аталғандар тергеуде болды, соған байланысты олар бақылайтын активтер едәуір азайып кетуі мүмкін. Атап айтқанда, Сатыбалды Skyline Investment Company S.A. және «Alatau Capital Investment» ЖШС-ға тиесілі «Қазақтелеком» АҚ ұлттық байланыс операторының 28% акциясын мемлекетке ақысыз қайтарып берді.
Сондай-ақ жаңа қатысушылар пайда болды: Болат Назарбаевтың ұлы, 38 жасар Нұрбол Назарбаев; 52 жастағы Александр Дериглазов, «Меломан»/Marwin/Booking желілерінің иесі (2012–2013 жылдары ең беделді бизнесмендер тізіміне енген); 51 жастағы Серік Толықпаев, Aitas KZ тобының мажоритарлық акционері және 62 жастағы Ерлан Баймұратов, «KazFoodProducts» ЖШС иесі (бұл компания арқылы оған кондитерлік өнім шығаратын «Баян Сұлу» АҚ және «АзияАгроФуд» АҚ-дағы мажоритарлық үлестер тиесілі). Соңғы аталған кәсіпкер биыл тізімнің ақырында тұр, осылайша топ-50-ге «кіру билетінің» бағасы өткен жылмен салыстырғанда 80 млн доллардан 82 млн долларға дейін көтерілді.
Рейтингке мемлекеттік қызметін тоқтатқаннан кейін 59 жастағы Дариға Назарбаева (2013 жылы №13 болған) және Дінмұхамед Ыдырысов пен Бахаридин Аблазимовтың кіші серіктесі, 48 жастағы Ержан Достыбаев (2018 жылы №39) қайтып оралып отыр.
Осы және басқа да өзгерістерден кейін тізімге қатысушылардың орташа жасы 51-ден 52,2-ге дейін, орташа дәулеті – 676 млн доллардан 774 млн долларға дейін, жиынтық капиталы – 37,5 млрд доллардан 38,7 млрд долларға дейін өсті. Бірақ бұл жиынтық капиталы мен Қазақстан ЖІӨ-нің арақатынасы ЖІӨ жағына қарай сәл ығысты: егер 2021 жылы ол 21,9%-ды құраса, осы жылы 20% болды.
Рейтинг қатысушыларының дәулет көлемі тек аталған тұлғалардың меншіктерін сараптамалық және журналистік бағалау деп есептеледі және ресми ақпарат үшін қолданылмауы керек.
Қатысушылардың 2021 жылы 1 мамырдағы жасы көрсетілген.