Қазақстан шайбалы хоккейден әлем чемпионатын өткізуден бас тартты
Мұндай шешімге не себеп болғаны айтылған жоқ
Қазақстан 2026 жылы шайбалы хоккейден әлем чемпионатын өткізуден бас тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан әлем чемпионатын өткізуге берген өтінімін қайтарып алғандықтан, енді турнирге жалғыз үміткер Швейцария болып қалды.
Тампереде өткен Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) конгресі Швейцарияны чемпионатқа үміткер ретінде таныстырды. Егер өтінім мақұлданса, турнир матчтары Цюрих пен Фрибургте өтеді.
Швейцария 2020 жылы әлем чемпионатының ұйымдастырушысы болуы керек еді, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты турнир өткізілмей қалды.
2023 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығы Ресейден қайтарып алынғандықтан, енді Финляндияда немесе Латвияда өтуі мүмкін. 2024 жылы турнирді Чехияның Прага мен Острава қалалары өткізсе, 2025 жылы ұйымдастырушылар Швеция мен Дания болады.