Қазақстан Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсетеді

Azattyq Rýhy

Ратификациялау бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қажет етпейді

Қазақстан Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсетеді
Көрнекі сурет: gov.kz

Қазақстан Қырғызстанға әскери көмек көрсетеді. Сенат Орталық Азия аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұл келісімге Қырғызстан тарапының әскери-техникалық көмек көрсету туралы өтініші негізінде қол қойылды. Ол дипломатиялық арналар арқылы атаулары мен көлемі келісілген әскери мүлікті бір реттік тұрғыда беруді қарастырады.

«Орталық Азия аймағының іргелес аудандарындағы күрделі жағдайдың қауіпсіздік мәселесіне, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікке төнген қауіп-қатердің өсуіне байланысты әскери-техникалық көмек көрсету Қырғызстан Қарулы Күштерінің әлеуетін және бүкіл Орталық Азия аймағының қауіпсіздігін нығайтады», - делінген заң жобасының қорытындысында.

Әскери техниканы Қырғызстанның Қой-Таш елдімекеніне автокөлікпен жеткізу шығынын Қазақстан тарапы қамтамасыз етеді және өз мойнына алады.

«Қырғыз тарапы алынған әскери мүлікті тек қауіпсіздік мақсатында пайдаланады, үшінші тұлғаға бермейді, ТМД елдеріне қарсы пайдаланбайды», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов.

Оның айтуынша, ратификациялау бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қажет етпейді.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.