Нұр-Сұлтандағы төтенше жағдайға байланысты материалдық резервтен 200 млн теңге бөлінеді
Бұл қаржыға арнайы техника мен жылыту пунктерін жасау үшін құрылатын палаткалар алынады
Елордада жауған қарды шығаруға қолданыстағы техника жетіспейді. Сондықтан мемлекеттік резервтен 100 техника шығарылды. Жалпы, төтенше жағдай үшін қосымша 200 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитеті басшысының орынбасары Марат Көлдіков айтты, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.
«Бұл қаржыға тек техника емес, жылыту пунктерін жасау үшін құрылатын палаткалар да кіреді. Адамдар егер елдімекендер болмаса, соның ішіне кіріп жылынады. Палаткада төсек-орын, жылыту аппараты болады», - деді М. Көлдіков.
Оның мәліметінше, қолайсыз ауа райына байланысты 24 қаңтардан бүгінге дейін еліміз бойынша 41 республикалық, 65 облыстық деңгейдегі жолдар жабылған. 2000-ға жуық адам құтқарылған. Әзірге төтенше жағдай Нұр-Сұлтан қаласында ғана жарияланған. Қарағанды, Ақмола облыстары бұл мәселе бойынша хабарласып, әлі шешім қабылдамапты.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан