Алматы метросында алғашқы сейсмикалық станциялар орнатылды
Бұл құрылғылар жер сілкінісін алдын-ала болжауға мүмкіндік береді

Алматы метросында алғашқы сейсмикалық станциялар орнатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы метрополитенінің «Бауыржан Момышұлы» және «Сары Арқа» жаңа станцияларында тоғыз арналы цифрлы аспапты-өлшеу жүйелері орнатылды. Аталған құрылғылар швейцариялық «GeoSIG» фирмасының өнімі.
Инженерлік-сейсмометрикалық қызмет станцияларын орнатуға «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ ғылыми-техникалық тұрғыдан көмек көрсеткен.
«Бұл – Алматы қаласының метро жүйесінде орнатылған алғашқы сейсмикалық станция. Аталған құрылғылар жер сілкінісін алдын ала болжауға мүмкіндік беріп, зілзала кезіндегі кинематикалық параматрлердің аспаптық жазбаларын алуға септігін тигізбек. Құрылғыдан алынған ақпарат сейсмикалық әсердің нақты қуаты мен ерекшеліктерін ескеруге және метрополитеннің жаңа станцияларын жобалауға ықпал етеді», делінген хабарламада.
Құрылғылар күту режимінде жұмыс істейді. Оның іске қосу шегі – 0.05g. Аспапта іске қосу шегінің болуы – метрополитендегі пойыздар қозғалысының динамикалық әсерімен байланысты.
Станциялар өткен жылы техникалық тұрғыдан іске қосылды. Биылғы жылдың маусым айында оларды толығымен пайдалану жоспарланып отыр. Алдағы уақытта метрополитендегі құрылысы жүріп жатқан тағы екі бекетте осындай сейсмикалық станцияларды орнату көзделген.