Щучьеде өртенген базардың саудагерлері шығынға батқан
Ал әкімдіктен әзірге көмек жоқ
Щучье қаласындағы отқа оранған базар саудагерлері шаш етектен шығынға баттық деп шу шығарды. Себебі: өрттен сауда нысанындағы тауарлары тып-типыл жоқ болған. Базардың өртеніп жатқанын таң ата естіп тұра жүгіргенімен, заттарын құтқара алмапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Азық түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар мен әшекей бұйым сататын кәсіпкерлер мойнымызда миллиондаған қарыз бар дейді. Енді қалай өтерін білмей дал. Ал әкімдіктен әзірге көмек жоқ. Базар басшысы тіпті төбе көрсетпеген.
Әдетте қыз-қыз қайнап жататын Жомарт базары алапат өрттен түгі қалмай жанып кеткен. 20 жылдан бері осы жерде сауда жасағандарға жақын жолауға болмайды. Шаңырағы ортасына түскені былай тұрсын, ішіндегі дүңгіршіктер тауарымен бірге күлге айналған. Не істерін, кімнен көмек сұрарын білмеген олар осы маңды айналшықтап жүр.
Базардағы әр орынды жалдап, уақытында салық төлейміз дейді кәсіпкерлер. Енді әрқайсысы 2 миллионнан 20 миллионға теңгеге дейін шығын келді деп отыр. Ал қан қысымы көтеріліп аурып қалған базар қожайыны заңгерін жіберіпті. Ол: «базарға қасақана өрт қойылды» деп сеніммен сөйлеп тұр.
«Біз өрт қасақана қойылды деп күдіктеніп отырмыз. Ғимараттың иесі атынан полицияға арыз жаздық. Әзірге кімдерден күдіктенетінімізді айта алмаймыз. Біз де шығынға батып отырмыз. Базар ғимараты жарамсыз болып қалды. Ал саудагерлерге тергеу ісі аяқталған соң мүмкіндігінше көмек көрсетеміз», - деді «Есіл»ЖШС әкімшілік директоры Бауыржан Ақылбаев.
Базар қожайыны шығынға батқан 52 саудагерге қандай көмек көрсететіні әзірге белгісіз. Өйткені өзара жасалған келісімшартта олардың тауарларын сақтандыру туралы сөз болмаған. Десе де қызыл жалын жалмаған дүңгіршектердің бірінен кәсіпкер бір бума ақшасын тауып алды. Бір миллион теңге қағаз ақшадан қалғаны. Оны иесі осыдан бір күн бұрын ғана банктен несиеге алған. Ондағы ойы базардағы асханасына түрлі жабдық сатып алмақшы болған. Енді ақшаның қылдығын банкке апарып айырбастап алам деп үміттеніп отыр.
Аудан әкімі саудагерлерді жұмыспен қамту орталығына жіберген.Сауда орталықтарынан бос орын қараймыз деп те уәде беріпті. Бірақ олар: «Қайтадан базарға шығып сауда жасауға бір тиынымыз да жоқ» деп отыр.