Петропавлда жолды кесіп өтпек болған зейнеткерді скутер қағып кетті

Azattyq Rýhy

Рульде 16 жастағы студент болған

Петропавлда жолды кесіп өтпек болған зейнеткерді скутер қағып кетті
Фото ашық дереккөзден

Петропавлда скутер жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған 75 жастағы әйелді қағып кетті. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент мәліметінше, 18 мамыр күні Петропавлдағы Егемен Қазақстан және Қазақстан Конституциясы көшелерінің қиылысында жолды белгіленбеген жерден өтпек болған 75 жастағы қала тұрғынын WorteX скутері соғып кетті. Рульде 16 жастағы студент болған. Зейнеткер әйел медициналық мекемеге жеткізіліп, көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.

«Қала тұрғынына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы «Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы» бойынша хаттама толтырылды. Барлық жол қозғалысы қатысушыларын жолда жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Мәселен, жыл басынан облыс орталығында жаяу жүргіншілер мен жол жүрісіне өзге де қатысушылардың, оның ішінде велосипедшілердің, гироскутер, электр самокаттардың иелерін қоса алғанда 2 мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.