$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шымкенттік оқушы әлемнің 34 жоғары оқу орнынан шақырту алды

Мирас Сейілхан қаржы және экономика саласында оқуды жоспарлап отыр

Шымкенттегі «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Мирас Сейілханды Америка, Ұлыбритания, Италия және Австралия университеттері оқуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Отырар» телеарнасына сілтеме жасап.

Бозбала өз мектебінің президенті және bil PRESS және BIL VOLUNTEERS сияқты жобалардың негізін қалаған. Мирас Сейілханның айтуынша, ол шетелдің беделді университетіне түсуді әрқашан армандаған. Мирас оқуға түсуге 9-сыныпта дайындала бастапты.

«Ұзақ уақыттан бергі табанды дайындық пен білікті ұстаздардың сапалы білімі Мирасқа жақсы нәтиже көрсетуге көмектесті. Ол халықаралық сынақтардан өтті: IELTS -тан 8,0 балл алып, Duolingo-дан 135, 650 сөзден тұратын мотивациялық эссе жазды.

Осыдан кейін оңтүстік мегаполистің студенті әлемнің 34 университетінен, атап айтқанда, Американың 12 университетінен, 5 британдық университеттен, Канаданың 5 оқу орнынан, Испаниядан – 1, Австралиядан – 4, сондай-ақ басқа елдерден оқуға шақырту алды», - делінген хабарламада.

Қазір ол Colgate университеті, Лондон экономика мектебі және Итака колледжі сияқты оқу орындарына таңдау жасап отыр. Мирас Сейілхан қаржы және экономика саласында оқуды жоспарлап отыр. Оқуын тәмамдаған жас елге оралып, алған білімін елімізді көркейтуге жұмсағысы келеді.

«Ұстаздарыма алғысым шексіз. Олар үлкен рөл атқарды. Әсіресе мені IELTS емтиханына дайындаған мамандық жөніндегі кеңесшім Дуғат пен Нұрбек ағама алғыс айтқым келеді. Жалпы, 9-сыныптан 11-сыныптың аяғына дейін оқуға түсуге дайындалумен ғана айналыстым», – дейді Мирас Сейілхан.

Серіктес жаңалықтары