Павлодарда екі қабатты тұрғын үйдегі өрттің себебі белгілі болды
Кінәлілер бойынша соңғы шешімді полиция департаменті шығарады
Павлодар облысы ТЖД басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов апаттың болуының алдын ала себебін мәлім етті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
«Қазір терек мамығы түсетін кезең басталды. Балалар соны өртеп ойнайды. Тұрғындарға балаларымен кеңес өткізуді ұсынамыз. Ал ұйымдардың басшыларын өз аумақтарын тазалауға, абай болуға шақырамыз. Өйткені салдары ауыр болуы мүмкін. Мысалы кеше балалардың мамық өртеп ойнауы салдарынан екі қабатты тұрғын үйде өрт шықты», - деді Қайрат Шаймарденов.
Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, оқиға орнында тергеу жүргізу кезінде балалардың мамық өртеп ойнағаны анықталған.
«Видеосы да бар. Куәгерлерден жауап алынды. Олардың айтуынша, өрттің шығуына балалардың отты абайсыз қолдануы себеп болған», - деді Қайрат Шаймарденов.
Аталған фактіге қатысты іс облыстық полиция департаментіне жолданған. Кінәлілер бойынша соңғы шешімді полиция департаменті шығарады.
Естеріңізге сала кетейік, Циолковский көшесі, 12/1 мекенжайы бойынша екі қабатты үйдің шатыры толығымен жанып кеткен.