«Үйіңде дуа бар»: Шымкентте екі тұрғын алаяқтардың құрбаны болды
Жалпы келген шығын көлемі – 4,5 млн теңге
Шымкенттік екі тұрғын алаяқтық құрбаны болды. Екі оқиғада да қайыршының кейпіне енген алаяқтар бағалы заттарды қолды еткен. Бұл туралы Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Есікті ашқан тұрғындарға үйлерінде дуа бар екенін айтқан күдіктілер тез арада үйді тылсым күштен тазарту керектігін жеткізген. Айтқанына сенбегендерді қайғы-қасірет келетінін айтып қорқытыпты. Ал, келісім бергендеріне алтын, күміс секілді бағалы заттарын алдырып, тазартатынын жеткізген. Содан зергерлік заттарды қолына ұстаған күйі үйді айнала жүріп, біраз уақыттан соң ізін суытқан.
Жалпы келген шығын көлемі – 4,5 млн теңге.
«Аталған іс бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары бейнебақылау камерасы арқылы күдіктілер отырған такси жүргізушісін тапты. Сол арқылы күдіктіні тұрғылықты жерінен ұстады», - делінген ресми хабарламада.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша «алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.