Қостанайда күзетшілер 6 бас сарымсақ үшін ер адамның басын кесіп, өртеп жіберген
Сұмдық оқиға өткен жылдың күзінде болған
Қостанай облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында «Краснопартизанское» бағбандар қауымдастығы тұтынушылар кооперативінің күзетшілеріне қатысты іс қаралып жатыр. Олар сарымсақ ұрлауы мүмкін деп күдіктенген адамның басын кесіп алып, өртеп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Tobolinfo.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
«Краснопартизанское» бағбандар қауымдастығы тұтынушылар кооперативінің күзетшілері 35 жастағы Виктор Дьяченко мен 36 жастағы Андрей Мартыненко «адам өлтірді» деп айыпталуда.
Белгілі болғандай, 2021 жылдың 5- қыркүйегінде тұрғындардың бірі алты бас сарымсақ ұрланғанын хабарлаған. Ішімдік ішкен күзетшілер мұны «Краснопартизанскийдегі» жер телімінің иесі Кузов жасауы мүмкін күдіктенген. Ақырында олардың арасында жанжал болып, соңы кісі өлімімен аяқталды.
Қылмысын жасыру үшін олар Кузовтың денесін бөлшектеп тастаған. Басын арамен кесіп, өртеп, денесін үйдің ауласына көмген. Алайда екі күннен соң мәйітті қазып алып, Тобылға апарып, қамыстың арасына тастаған.