Қызылордалық полицейлер ауыл тұрғынынан есірткі тәркіледі
Сонымен қатар ол үйінің ауласына бес түп сора егіп қойғаны белгілі болды
Қызылордалық полицейлер ауыл тұрғынынан есірткі тәркіледі, деп хабарлайды Азаттық рухы ҚР ІІМ медиа орталығына сілтеме жасап.
7 мамыр күні сағат 21:15 шамасында Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Шымкент – Самара тас жолында Тасбөгет кентінің тұсында қызмет атқару барысында Арал ауданының 57 жастағы тұрғынының басқаруындағы Lada-Kalina автокөлігін жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатқан.
Тексеру барысында жолаушыдан газет қиындысына оралған шөп ұнтақтары тәркіленіп, сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген марихуана екені белгілі болды. Сонымен қатар, күдікті үйінің ауласында бес түп сораны егіп баптағаны анықталды. Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігімен (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) және 300-бабының 1-бөлігімен (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.