$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Нұр-Мүбарак» университетінің білім сапасы талапқа сай емес – БҒМ

Университеттің білім сапасын тексеру осы жылдың 7-18 наурыз аралығында өткен

«Нұр-Мүбарак» университетінің білім сапасы талапқа сай емес – БҒМ
Фото: Әсет Құндақбаев

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің білім сапасы талапқа сай емес. Министрліктің ақпаратынша оқу орнында көптеген кемшіліктер анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Университет сапалы теологтарды, исламтанушы ғалымдар мен діни ағарту саласында жұмыс істейтін мамандарды, имамдарды дайындауы тиіс. Алайда білім ордасындағы студенттер ғана емес, кадр жағы да дұрыс жолға қойылмаған.

«Профилактикалық бақылау барысында Университеттің білім беру сапасына, профессор-оқытушылар құрамына, білім беру бағдарламаларына және т.б. талдау жүргізілді. Тексеріс қорытындысы бойынша жоғары оқу орны бекіткен кадрлық саясатын сақтау, оның ішінде біліктілік сипаттамалары, жоғары оқу орны қызметкерлерінің лауазымдарына конкурстық орналасу мәселелері бойынша, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясының талаптарын сақтамау, қашықтан білім беру технологияларын қолдана отырып ұйымдастырылған оқу процесінің сапасы бойынша, білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген білім беру бағдарламасының жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкессіздігі анықталды», - деді  министрліктің баспасөз қызметі.

Университетте 170 қызметкер жұмыс істейді. Аталған мекемеде 1700-ге жуық студент білім алып жатыр. Ал ширек ғасырға жуық тарихы бар оқу орнының проректоры, білікті мамандарды дайындаудың қиындығын  айтады. Оның сөзінше, оқу орнына келген студенттердің арасында қабілетсіз адамдар аз емес.

«Біздің университтегі басты міндет – дінді ғылыми негізде түсіндіру. Дінді ғылыми негізде зерттеп, ағартушылық бағытта көрсету. Алайда кезінде жұрттың бәрі баласын діннен өзге ғылымдарға оқытты. Жағдайы жеткендер шетел университеттеріне түсті, одан қалғаны Назарбаев Университеті секілді отандық алдыңғы қатарлы ЖОО-ларды таңдады, СДУ-ға түсіріп жатты балаларын. Ал осылардың ешбіріне жарамағандары бізге оқуға келді. Тіпті, арасында психикалық ауруы барлар да болды. Ата-аналары «ең болмаса молда болсын, адам болып кетер» деп әкеп беріп жататын.

Мен өзім осы университетте 16 жылдан бері жұмыс істеп келемін, сол балалардың бәрін адам қылуға тырыстық. Яғни маман емес адам дайындауға тура келді. Өйткені бізге келетін контингенттің интеллектуалы ма, әлде қабілет қарымы сәл төмендеу болып келді», - деген еді университеттің проректоры Қайрат Құрманбаев.

Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті тарапынан тексеріс жүргізілген. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің білім сапасын тексеру осы жылдың 7-18 наурыз аралығында өткен. Комитет осы олқылықтарды жою  бойынша университетке нұсқамалар берді.

Оқи отырыңыз: «Айлық шайлыққа жетпейді»: Нұр-Мүбарак университетінің проректоры не үшін садақа жинап жүргенін түсіндірді

Серіктес жаңалықтары