Әскерге барғанына бес-ақ күн болған  сарбаз психикалық диспансерден  бір-ақ шықты

Azattyq Rýhy

Сарбаз өз-өзіне қол салмақ болған көрінеді

Фото ашық дереккөзден

Әскерге барғанына бес-ақ күн болған  сарбаз психикалық диспансерден  бір-ақ шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Туыстарының айтуынша, қызылордалық жас жігіт Отан алдындағы борышын өтеу үшін Шымкенттегі әскери бөлімдердің біріне 23 сәуір күні  келген.  Ал 28-і күні  оның анасына біреулер қоңырау шалып,  «ұлыңыз құмар ойынға салынған, 3 млн теңге қарызы бар,  өз-өзіне қол салмақшы. Тез жетіңіз!» деп хабар беріпті.  Содан анасы Шымкентке жеткен.

Гүлнұр Қозыбағарованың айтуынша, ұлы өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны үшін  жүйке жүйесі сыр бергендерді емдейтін орталыққа жіберіліпті.  Аяқ астынан болған жағдайға ол түсіне алмай отырғанын айтады.

 «Балам айтты «Анашым, маған қоқан-лоққы жасады. 5 бала бір бөлмеге кіргізіп алып, офицерлер мені тыржалаңаш қойып, «мен өлсем ешкімнің қатысы жоқ!» деп тілхат жаздырып алды, - деді. Сосын мен есікті құлыптап қойған соң, бұл жерден аман шықпайтынымды біліп, қорыққанымнан жазып бердім деді. Шығып бара жатқан кезімде «сасыма сен, сасысаң өлтіремін!» деп айтты» деді», - дейді сарбаздың анасы Гүлнұр Қозыбағарова.

Ал әскери бөлімдегілер мұның бәрі әр үйдің еркесі болған жастардың әскери өмірге шыдай алмай, үйге қайту үшін жасаған әрекеті деп санайды. Айтуларынша, 155 сарбаздың үшеуі осындай сылтау ойлап тапқан көрінеді. Жүйке жүйесі сыр берді деп емдеуге жіберілген сарбаздың  неліктен өз-өзіне қол салмақ болғанын бізге жасырмай айтты дейді бөлім командирі.

 «Ол бұрын армияға дейін осындай жағдайдың болғанын айтты. Алматы қаласында наурыз айында әке-шешесімен ұрсып қалған кезде 6-шы қабаттан секіріп кеткісі келгенін айтты. Енді оны әрі қарай психиатрлар анықтайды, сол үшін ол психикалық диспансерге жатқызылды», - деді әскери бөлімнің командирі Нұркен Қарағұлов.
 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.