СҚО-да соққан шаңды дауыл ғимараттардың шатырын ұшырып әкетті

Солтүстік аймақтарында күн суытып, қар аралас жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласуы ықтимал

СҚО-да соққан шаңды дауыл ғимараттардың шатырын ұшырып әкетті

Солтүстік Қазақстанда шаңды дауыл соғып, кейбір ғимараттардың шатырын ұшырып әкетті. Ағаштар құлап, тұрақтағы көліктерді зақымдады. Елді мекендерде көлік қатынасы қиындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Облыс орталығында желдің жылдамдығы секундына 33 метрге дейін жетті. Бұл – Солтүстік Қазақстан үшін сирек құбылыс. Тайынша, Уәлиханов және Жамбыл аудандарында шаңды дауыл соқты. Кей жерлерде ағаштар тамырымен бірге опырылып құлап, тұрақтағы көліктерді зақымдады. Табиғаттың тосын мінезінен келген шығын көлемі есептелуде. 

«Шаңды дауылдың кесірінен Уәлиханов ауданынының орталығы Кішкенекөл ауылында 200 метр қашықтықтан әрі көру мүмкін болмады. Ондағы желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетті. Қатты жел басқа да ауыл тұрғындарын әбігерге салды», - дейді «Қазгидромет» РМК СҚО филиалының директоры Қымбат Мергалимова.

Синоптиктер өңірде ертең де осындай ауа райы сақталуы мүмкін екендігін айтты. Өңірде дауылды ескерту жарияланып, түнде ауа температурасы -6 градусқа дейін суытатыны жайында смс-хабарлама таратылды. Мамандардың айтуынша, күн райының бұзылуына Ресейден келе жатқан циклон себеп.

«Ресейдің еуропалық бөлігінен келе жатқан солтүстік-батыс циклонының әсерінен өңірде қолайсыз ауа райы қалыптасады. Ауа температурасы күндіз және түнгі уақытта да тұрақсыз болып, күн күрт суытуы мүмкін. Жауын-шашын мен суық ауа райы қауіпті құбылыстарды тудыруы ықтимал. Бұл жайында тұрғындарға ескерттік. Барынша сақ болған абзал», - дейді синоптиктер.

Мамандардың болжамынша еліміздің солтүстік аймақтарында күн суытып, қар аралас жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласуы ықтимал.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.