Мүгедектігі жоқ спортшымыз мүгедектер арасында жеңімпаз атанғаны рас па
Ол есту қабілеті төмен спортшылар арасында чемпион атанды
«Мүгедектігі жоқ спортшымыз мүгедектер арасында топ жарып, бүкіл әлемге масқара болдық». Бұл туралы журналист Аслан Қаженов өзінің Facebook парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыдан бірнеше күн бұрын Бразилияның Кашиас-ду-Суле қаласында XXIV Сурдлимпиада ойындары басталған.
Бүгін ғана 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық дзюдошы Еркебұлан Қанафин алтын медальді жеңіп алғаны туралы сүйінші хабар тарады. Финалға дейін Қанафин Моңғолия мен Франциядан келген қарсыластарын жеңіп, ал шешуші жекпе-жекте Оңтүстік Корея спортшысынан басым түскен.
Алайда журналист Аслан Қаженов жеңімпаз спортшының бұған дейін мұндай жарыстарға қатыспағанын, тіпті ұлттық құрама тізімінде жоқ болып шыққанын жазды.
«Есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы бәсекеде Еркебұлан Қанафин есімді жерлесіміз қарсылас шақ келтірмей, алтын жүлде жеңіп алды. Бірақ артынан оның ұлттық құрама қатарында жоқ екені, елдегі осындай жарыстарға қатыспағаны, тіпті, есту қабілеті төмендердің тізімінде де жоқтығы анықталды», - деп жазды автор.
Журналист бұл орайда жауапты министрлік пен отандық сурдлимпиадалық комитет арасында келіспеушілік болғанын меңзеп отыр.
«Спорт министрлігі Еркебұланды мүгедектер қатарына жатқызбайды. Өйткені, бағанағы аргументтер бар. Бұған қоса, жарыс кезінде екі рет аудиограммадан өте алмаған. Үшінші мүмкіндігінде өткен. Ал сурдлимпиадалық комитет оның лайықты чемпион болғанын алға тартады. Соған сенімді. Министрлік өкілдері оны жарысқа жібермеуді талап етеді. Ал ұйымдастырушы тарап «Қазақстан сурдлимпиадалық комитеті ғана өтініш бере алады» деп, дзюдошыны жарысқа жібере салады», - деп жазды ол.
Аслан Қаженовтың пайымынша, мұның барлығы жеңімпазға берілетін сыйақымен байланысты болуы мүмкін.
«Бірер жыл бұрын Сурдлимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақыны Олимпиада жүлдегерлерімен теңестірді. Мәселен чемпион 250 мың доллар алады. Бұған қоса, 3 бөлмелі пәтер және басқа да анау-мынаусы тағы бар. Мұның барлығы осындай әрекеттерге итермелеуі әбден мүмкін», - делінген жазбада.
Azattyq Rýhy Мәдениет және спорт министрлігіне ресми сауал жолдады. Ведомство жауап дайындап, ресми түрде жариялайтындарын мәлім етті.