Цифрлық даму министрі электрондық құжаттарды қағаз түріндегі тұпнұсқасымен тең дәрежелі етіп заңдастыруды ұсынды

Әсел Оршыбекова

Бағдат Мусиннің сөзінше, бұл азаматтар үшін ыңғайлы болмақ, өйткені мекемелерге бару міндетінен босатылады

Цифрлық даму министрі электрондық құжаттарды қағаз түріндегі тұпнұсқасымен тең дәрежелі етіп заңдастыруды ұсынды
Фото: ашық дереккөзден

Цифрлық құжаттарды өз қажеттілігіне жаратып, белсенді пайдаланып жатқан азаматтардың қатары жыл сайын артып жатыр. Былтыр қазақстандықтар цифрлық құжаттарды 32 млн рет қолданса, ал 2020 жылы небары 3,6 млн рет пайдаланған. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді.

Алайда, цифрлық құжаттарды кей қызмет көрсету орындарында пайдалану қиындықтар туғызып отыр. Осыған байланысты Цифрлық даму министрі инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.  

«Заңжобада электрондық құжаттарды қағаз түріндегі баламасымен тең дәрежелі етіп заңдастыру, электрондық құжаттарды толыққанды қолдануға кедергі келтіретін заңдардағы қайшылықтар мен әртүрлі оқылымдарды алып тастау және цифрлық құжаттардың қолданылу аясын кеңейту көзделген. Мемлекет басшысы базалық құжаттарды электрондық форматта заңды түрде тану қажеттігі туралы айтты. Заңжобада азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу жөніндегі куәліктерді (туу, неке қию және некені бұзу туралы куәліктер және басқалар) электрондық форматқа ауыстыру қарастырылған», - деді Мусин.

Министрдің сөзінше, бұл азаматтар үшін ыңғайлы болмақ, өйткені мекемелерге бару міндетінен босатылады, азамат кез-келген уақытта құжатты басып шығара алады немесе QR-коды бар электрондық нұсқасын ұсына алады. Оның үстіне құжатты жоғалтып алса, телнұсқа жасату қажет емес. Азамат өзі қаласа немесе шетелге кеткен жағдайда құжатты қағазға басып шығара алады. 

«Біз былтыр осы жаңашылдықты енгізген кезде шынымен де әуежайда проблемалар болды. Біз әрбір мекеменің немесе мемлекеттік органдардың тиісті нұсқаулықтарына тиісті өзгерсітер енгізуге мәжбүр болдық. Себебі белгілі нұсқаулықтарға өзгерістер енгізілмесе, олар оны (авт. цифрлық құжат) қабылдамайды. Бірақ қазіргі ұсынып отырған заңжобасы барлық заңнамаға өзгерістер енгізбей-ақ, жеке куәліктің түпнұсқасын қолданбай-ақ, цифрлық нұсқасын пайдалануға мүмкіндік береді», - деді министр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.