ШҚО-да аудан ортылығы Ақжар ауылына көшіріледі
Жарлық 2022 жылғы 7 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімшілік орталығы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылынан Ақжар ауылына көшірілсін», - делінген Жарлыққа.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының құрамында:
1) Тарбағатай ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Ақсуат ауылында орналасатын Ақсуат ауданы;
2) Көкпекті ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Самар ауылында орналасатын Самар ауданы құрылады.
Орталық мемлекеттік органдар, Шығыс Қазақстан облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
Жарлық 2022 жылғы 7 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.