$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекеттік басқаруды цифрландыру – сыбайлас жемқорлықпен күресуге мүмкіндік береді – Мусин

Реинжиниринг жасау арқылы көзге көрінбейтін кедергілерді анықтап, жоюға, тиімді бизнес-процестер құруға жол ашылады

 

Мемлекеттік басқаруды цифрландыру – сыбайлас жемқорлықпен күресуге мүмкіндік береді – Мусин
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекеттік басқаруды толыққанды цифрлық трансформациядан өткізу үшін заң жобасында бірқатар түзету қарастырылған. Яғни, мемлекеттік аппарат қызметінде цифрлық трансформацияға басымдық беру, бизнес-үдерістерге реинжиниринг жасау құралдарын енгізу, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның және оған ведомстволық бағынысты ұйымның мәртебесін айқындау. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ведомство басшысының айтуынша, цифрлық трансформация құралдарының ең басты артықшылығы – бюрократияның себеп-салдарын, соның ішінде күрделі, түсініксіз және көлеңкелі тұстары көп процедураларды алып тастауға мүмкіндік береді.

«Реинжиниринг жасау арқылы көзге көрінбейтін кедергілерді анықтап, жоюға, сондай-ақ шығындарды азайтып, кадрлық және қаржылық тұрғыда үнемді әрі тиімдірек бизнес-процестер құруға жол ашылады. Алдағы уақытта мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың нәтижесіне – бәсекелестіктің дамуына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, мемлекеттік қызметті артық шығынсыз және жылдам алу мүмкіндіктеріне қол жеткіземіз», - деді министр.

Заң жобасында деректермен жұмыс тәртібін реттеуге бағытталған түзетулер кешені бар. Бұл ретте деректерді басқару саласына уәкілетті органды енгізіп, оның мәртебесін айқындау қажет. Сондай-ақ қызмет көрсету немесе жүктелген функцияларды орындау кезінде мемлекеттік органдар үшін ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті жеңілдету ұсынылады.

«Деректерді басқаруға бірыңғай талап белгіленеді. Осылайша, жетекшілік ететін салаларға кешенді талдау жүргізу, мемлекеттік базадағы деректерді өзектендіру, онлайн тәртіпте дәлелді және тиімді басқару шешімдерін қабылдау мүмкіндігі пайда болады», - деді Мусин.

Сонымен қатар дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану талаптары да күшейтілетіні белгілі болды.

«Бұл үшін заң жобасында жеке деректерді жинауды, өңдеуді және сақтауды жүзеге асыратын ақпараттық жүйелерді ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері ретінде тану және оларды қорғауға қойылатын талаптарды күшейту ұсынылады. Сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен сервистерде осалдықтарды анықтау және жою үшін отандық жеке IT-мамандардың әлеуетін пайдалану ұсынылады», - деп нақтылады министр.

Серіктес жаңалықтары