Нұрлан Сабуровтың мамыр айында Қазақстанға жоспарлаған гастролі өтпейтін болды

Azattyq Rýhy

Ақтаудан басталып Семейден аяқталады деп жоспарланған Сабуровтың туры күзде өтуі мүмкін

Фото: gazeta.ru

Қазақстандық әзілкеш, стендап-комик Нұрлан Сабуровтың Қазақстанға жоспарлаған туры жуық арада өтпейтін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әртістің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, тур 2022 жылдың қазан-қараша айына дейін шегерілген. Сабуровтың өзі «мен шеше алмайтын мәселелерге байланысты тур кейінге шегерілді» деп жазған.

Жоспар бойынша, Сабуров 5-6 мамыр күндері Ақтауда, 8 мамырда Ақтөбеде, 10 мамырда Нұр-Сұлтанда, 11 мамырда Петропавлда, 16 мамырда Алматыда, 17 мамырда Өскеменде, 18 мамыр күні Семейде өнер көрсетуі керек еді. Ал 29 мамыр күні Мәскеуде өтеді деп жоспарлаған концертінде өзгеріс жоқ.

Комик маусым айында Ресейдің тағы үш қаласында сахнаға шығады деп көрсетілген.

Ал Қазақстандағы концерттерінің ең арзан бағасы 2000 теңгеден, ең қымбаты 43 мың теңгеден сатылған. Сабуровтың ресми сайты хабарлағандай, бұл билеттер күзге шегерілген концерттер үшін жарамды болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында АҚШ-қа жасаған гастролі кезінде көрермендер әншінің Ресей-Украина шиеленісіне қатысты пікірін сұраған. Көбіне Ресейде өмір сүріп, сол елде танымал болған әртіс бұл сұраққа үнсіздік танытты. Тек отбасы бар екенін, өзі де бала сүйіп отырған соң, Украинадағы соғыстан қаза тауып жатқан балаларға жаны ашитынын айтқан. Лос-Анджелестегі бұл оқиғадан кейін Сиэтл қаласындағы концертте көрермендер Сабуровтың өнеріне кедергі жасаған еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.