Биыл балаларды 1-сыныпқа қабылдауға 180 мыңнан астам өтініш түсті
Өтініштің 160 мыңнан астамы электронды форматта қабылданды
2022 жылғы 1 сәуірден бастап балаларды 1-сыныпқа қабылдауға 180 мыңнан астам өтініш түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, өтініштің 160 мыңнан астамы электронды форматта қабылданды.
Еске сала кетейік, балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды қабылдау 2022 жылғы 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін балаларды мектепке қабылдау қызметі автоматтандырылған және eGov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан бойынша 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі жарияланды
«Біз азаматтарға көрсететін барлық қызметті автоматтандыруға баса мән береміз. ҰБТ, барлық деңгейдегі олимпиадалар электронды форматқа көшірілді. Мұның артықшылығы өте көп. Оның ең бастысы - барлық процестің ашықтығы. Біз барынша ашықтық пен азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істейміз. Балаларды 1-сыныпқа қабылдауға өтініштердің басым көпшілігінің электронды форматта тапсырылуы ҚР БҒМ-нің цифрлық мемлекеттік қызметтері азаматтар арасында танымал екенін көрсетеді», - деді Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов.