Елімізде жемқорлық бойынша Алматы облысы көш бастап тұр
Ал Қызылорда ел бойынша мұндай заңсыздық ең аз жасалатын өңір екен
Күн сайын ірілі-ұсақты шенеуніктер пара алып істі болып жатса да әкімқаралардың айылын жияр түрі жоқ. Биылдың өзінде 725 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліпті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 26 пайызға көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 31-арнаға сілтеме жасап.
Жемқорлық әсіресе шенеуніктер арасында асқынып тұр. Айналдырған үш айда 42 әкімдік қызметкері пара алып үлгеріпті. Сонымен Қазақстанда пара беру мен пара алу қылмысы бойынша қай облыс көш бастап тұр деп ойлайсыз?! Жағымсыз рейтингтің басында Алматы облысы бірінші тұр. Одан кейін Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары жемқорлық жиі тіркелетін шаһарлардың тізіміне енген. Ал Қызылорда ел бойынша мұндай заңсыздық ең аз жасалатын өңір екен. Мұнда жыл басынан бері небәрі бес қылмыс анықталыпты.
Ғinprom.kz мәліметінше, ұсталғандар арасында ішкі істер органдарының қызметкерлері де жетерлік. 34 адам. Ал жемқорлық дерегі көп тіркелген ведомстволардың үштігін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі түйіндейді. Жыл басталғалы мұнда 27 қызметкер пара алу фактісі бойынша тергеуге алынған.