Талдықорған әкімдігі көпбалалы анаға құжат жүзінде ғана үй берген
Ал әкімдіктегілер жағдайды тексеріп, реттейміз деуден әрі аспай отыр
Талдықорған әкімдігі көпбалалы анаға кезегі бойынша құжат жүзінде үй беріп, іс жүзінде далада қалдырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
12 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған алты баланың анасы Нұрипа Матышева келеңсіздікке тап болды. Соның салдарынан енді ол не бұрынғы үй кезегіне тұра алмай, не берілген баспанасына кіре алмай жүр. Ал әкімдіктегілер мұндай қателік қайдан және кімнен кеткенін өздері де білмейді. Тіпті керісінше Нұрипа Матышеваға берілген үйді өзіне қайтарудың орнына мәселені ушықтырып жіберетін түрлері бар.
59 жастағы Нұрипа Матышева өзіне үйдің берілгенін кездейсоқ білген. Әкімдікке баспана кезегін білмек болып кезекті рет барғанында, мамандар оған кезегіңізді егов порталы арқылы бақылаңыз деп кеңес берген. Келіншек көп ұзамай егов сайтына кіріп, өзіне баспана осыдан үш жыл бұрын берілді деген мәліметті көріп шалқасынан түсе жаздапты. Алып-ұшып әкімдікке барса, ол жердегілер "сізге үй берілген" деген қағазды қолына ұстатқан.
«Құжат бойынша берді. Кезектен үй берілді деп сызып тастады. Еговтан да, ЖКХ-дан да шығып тұр. Ал мен әлі пәтерден пәтерге көшіп жүрмін», - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Нұрипа Матышева.
Ал Талдықорған әкімдігіндегі Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мұндай сұмдыққа кімнің кінәлі екенін айтпайды. Бірақ, құжат жүзінде Нұрипа Матышеваға үй берілгенін мойындап отыр. Құжат бойынша алты баланың анасына Талдықорғандағы Болашақ шағын ауданында орналасқан нөмірі 33-үйдің, 31-ші пәтерінен бір бөлмелі баспана берілген. Ал шын мәнісінде ол пәтерде керісінше қазір үй кезегінде тұрған басқа адам тұрып жатыр екен. Ол адамның бұл үйді қалай алғаны белгісіз. Баспанасына барғанымызда есігін ешкім ашпады. Көршілері олардың тек түнгі уақытта келетінін және жиі көрмейтіндерін айтты. Ал әкімдіктегілер жағдайды тексеріп, реттейміз деуден әрі аспады.
«Ана кісіні кезекке қайта қоямыз, ана кісіні үйінен шығарамыз. Ал бұл кісінің өзіне кезексіз үй бере алмаймын. Ол заңсыз болады», - дейді Талдықорған қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрым Әлиұлы.
Ал үш жыл бұрын құжат жүзінде үй алып, шын мәнісінде далада қалған көпбалалы Нұрипа Матышева мұндай олқылыққа жол берген жауаптылар жазаланса дейді. Әрі әділдік орнап, өз үйімді өзіме берсе деп тілеп отыр.