Түрікменстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдердің боянып жүруіне тыйым салынды

Елде сұлулық салондары жаппай жабылып жатыр

 

Түрікменстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдердің боянып жүруіне тыйым салынды
Фото: ia-centr.ru

Түрікменстанның Мары уәлаятының мемлекеттік мекемелері мен кәсіпорындарында жұмыс істейтін әйел қызметкерлер косметика қолданбау, шаш боямау, маникюр жасамау, тар киім кимеу және сыртық кклбетін сәндеуге қатысты өзге де тәсілдерден бас тартуға міндеттеліп, қолхат жазуға мәжбүр болып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ia-centr.ru порталына сілтеме жасап.

Әйелдер қолхатта дәстүрлі түрде тігілген кең көйлек пен балағы кестеленген шалбар киіп жүретіні туралы жеке көрсетуі тиіс.   

Осындай қолхат бере отырып, мемлекеттік мекеме қызметкері уәкілетті органдардың талаптарын орындауға жазбаша міндеттеледі және ол талаптарды бір рет болса да бұзған жағдайда жұмысынан кетуге келісім береді.

«Үш апта бұрын, яғни ботокс пен ерінге татуаж жасауға тыйым салынған уақыттан бергі халықтың сыртқы келбетін толық бақылау жұмыстары косметикалық қызметтердің барлық түріне жүргізіліп отыр. Тіпті әйелдер қауымының «сұлу болып көрінудің» барлық әдісінен мәжбүрлі бас тартуы жаппай қысымға ұласып кетті десе де болады. Бүгінде елдегі кәсіпорындар мен оқу орындарында «табиғи сұлулықты» насихаттау жұмыстары басталып кетті», - делінген хабарламада.

Көптеген сұлулық салоны өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болуда. Жұмыссыз қалғандықтан клиенттерді жеке қабылдауға ұмтылған мамандар қудалауға ұшырай бастады.

Түрікменстан билігі елдегі ІІМ басшысы ауысқалы бері басталған халықты толық бақылау, оның ішінде «сұлулыққа» тыйым салу жұмыстарына қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Көпшілік косметикалық қызметтерге тыйым салуды елдің жаңа президенті Сердар Бердімұхамедовтің консервативті талғамымен байланыстырып отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.