Максим Рожин: «Қазақстанда орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр» деген пікір ақылға қонымсыз
Бұл туралы ҚХА-ның кезекті отырысында айтты
Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы кезінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Максим Рожин Қазақстанда әр өзге ұлт өзінің тілін үйренуге барлық жағдай жасалғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгін барлығымыз құрылған жаңа Қазақстанның куәгеріміз. Мен кеңес мүшесі ретінде оның барлық алғышартынан хабардармын. Болған өзерістердің ішінде сайлау жүйесі толығымен өзгереді. Мажоритарлық сайлау жүйесіне қайтып келген Қазақстан ауыл әкімдерін сайлауды қолға алды. Еліміздегі саяси жүйе әділетті Қазақстан құруға бағытталады. Өз болашағын туған елі Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азамат үшін елдің тарихы мен мәдениеті бірдей бағалануы керек. Бірдей дейтінім, бір елдің мәдениетін елеп, екіншісін елемеу бұл бірлікті білдірмейді», - дейді М.Рожин.
Ол өз сөзінде Қадыр Мырза Әлінің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзін тілге тиек етіп, бүгінде Қазақстанда өзге ұлттарға өз тілі мен мәдениетін дамытуға барлық жағдай жасалған жеткізді.
«Оның бір дәлелі біздің елде орыс, ағылшын, неміс, өзбек тілінде жұмыс істейтін орта мектептер бар. Әлемде мемлекеттің бюджетіне өзге елдің тілін үйретуге ақша бөліп отырған елдер саны көп емес. Сондықтан мен шетелдік саясаткерлердің Қазақстанда орыс тіліне қысым көрсетіп жатыр деген пікір ақылға қонымсыз деп есептеймін», − дейді Максим Рожин.
Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отыз бірінші сессиясы «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» тақырыбына арналды.