$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл облысының жастарына баспана алуға жеңілдетілген несие беріледі

Берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 13 млн теңге шамасында белгіленді

Жамбыл облысының жастарына баспана алуға жеңілдетілген несие беріледі
фото: as.kz

Биыл «Әулие ата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында аймақтағы жастарға жеңілдетілген несие беріле бастайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыста мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітілген. Кешенді жоспарды іске асыруға 5 жылға 1,3 млрд теңге қарастырылды.

Бағдарлама шеңберінде жаңа бастама ретінде Жамбыл облысының жастарына жеңілдікпен несие беру жобасы биыл шілде айында басталады деп жоспарланып отыр. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларға қолдау мақсатында дайындалды.

 «Облыстың ерекшеліктерін ескере отырып және Нұр-Сұлтан, Алматы қаласында оң нәтиже берген пилоттық бағдарлама негізге алынды. Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған»,-деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы С. Берікқожа.

Жалпы облыста тұрғын үй алуға - 7 140, жер телімін алуға - 10 787 жас кезекте тұр.

Аталған жоба аясында жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 13 млн теңгеге дейін. Несие беру уақыты - 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме - 5%, бастапқы жарна - 5%. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматы қатысады және ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

Басқарма басшысы жобаға кезекте тұрған мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер қатыса алмайтынын, негізінен басқа ипотекалық бағдарламарда қамтылған санаттарға жатпайтын, бірақ төлем қабілеті бар жастарға басымдық беріліп отырғанын жеткізді.

Облыс әкімі бағдарламаның кей тетіктерін заңдық тұрғыда қайта қарауды тапсырды.

«Бағдарламаның мақсаты жақсы, бізге керек жоба. Дегенмен, кей тетіктерін қайта қарау керек. Ертең жастар немесе қатысуға ниеттілердің арасында түсініспеушілік туындамас үшін жан-жақты саралап, шешім қабылдауға тиіспіз. Түсіндіру, ақпараттық жұмыстарды барынша жүргізу маңызды»,- деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Серіктес жаңалықтары