Маңғыстауда 100-ге жуық итбалықтың қырылғаны анықталды
Қазіргі уақытта итбалықтардың қаңқасын жою шаралары ұйымдастырылып жатыр
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігінің жағалауын зерттеу барысында сәосенбі күні барлығы 94 өлі итбалық табылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зерттеу жұмыстарын Балық шаруашылығы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті, ветеринарлық қызмет және жергілікті атқарушы орган өкілдері жүргізіп жатыр.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті зертханалық зерттеулер үшін су мен топырақ сынамаларын алды.
Итбалықтардың қаңқаларының қатты ыдырауынан өлімнің себептерін анықтау мақсатында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алу мүмкін болмаған.
«Қазіргі уақытта өлі итбалықтардың қаңқаларын жою шаралары ұйымдастырылуда. Жағалау мониторингі жалғасуда, су мен топырақты талдаудан алынған сынамалардың нәтижесі белгілі болған соң қосымша ақпарат жарияланады», - делінген хабарламада.