Түркістан облысында тұрғындар екі күн ішінде 7 қару тапсырды

Azattyq Rýhy

Облыста 25 сәуірден бастап арнайы акция басталды

 
Түркістан облысында тұрғындар екі күн ішінде 7 қару тапсырды
Фото: polisia.kz

Түркістан облысының тұрғындары екі күнде полицияға 7 қару тапсырды, деп хабарлайды Polisia.kz.

25 сәуірден бастап облыста халықтан заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша арнайы акция басталды. Мемлекет тарапынан осы үшін Түркістан облысына 14 миллионнан астам қаржы бөлініп отыр.

«Аталған акцияның екі тәулігінде полицияға облыс көлемінде алты тұрғын келіп, ата-бабасынан қалған, еш жерде тіркелмеген қаруларын өткізді. Олар – бір кіші калибрлі, ойық ұңғылы аңшы мылтығы, алты тегіс ұңғылы қару. Бұл қарулардың бәрі ҚР ІІМ «Криминалдық қару» есебінің «Ерікті тапсырылған» санатына енгізілді», - деді облыстық ПД өкілдері.

Мәселен, Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйел келіп, атасынан қалған бір ойық ұңғылы аңшы қаруын өткізді. Ал келесі тұрғын Түркістан ҚПБ-ға екі бірдей қаруды өз еркімен тапсырды. Оның бірі ИЖ-18БМ тегіс ұңғылы, 28 калибрлі қару және тегіс ұңғылы 32 калибрлі аңшы қарулары.

Қазіргі уақытта мылтықтарға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Қарудың техникалық жай-күйіне байланысты комиссия отырысы барысында азаматтарға ақшалай қаражат төлеу туралы шешім қабылданады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.