Павлодар облысында мониторингке мәлімет бермеген кәсіпкер айыппұл төлейтін болды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі облыстық департаментіне уақытында мәлімет бермеген кәсіпкер жауапкершілікке тартылды

Кәсіпкер ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірлік департаментіне қант бағасына жүргізілген мониторинг кезінде сұралған мәліметті уақтылы ұсынбаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті қант бағаларына жүргізілген мониторинг шеңберінде қаланың бірқатар кәсіпорындарына белгіленген мерзіммен ақпарат ұсыну туралы сауал жолдады.
«Монополияға қарсы департаменттің сауалына ақпаратты уақытында ұсынбау фактісі бойынша «Риза-ПВ» ЖШС-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-ның 162-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Кәсіпорын құқық бұзушылық жасау фактісін мойындағанын ескере отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 811-бабы шеңберінде қысқартылған әкімшілік іс жүргізу тәртібі қолданылды, ол 50% (153 150 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге мүмкіндік берді», делінген хабарламада.