ШҚО тұрғыны үйінде тіркелмеген қару мен оқ-дәрілер сақтаған
Ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

ШҚО тұрғыны үйінде тіркелмеген қару мен оқ-дәрілер сақтаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Semeynews.kz-ке сілтеме жасап.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлан аудандық сотының тергеу судьясының санкциясымен Таврия ауылының 34 жастағы тұрғынының үйіне тінту жүргізу кезінде, одан мылтық пен әртүрлі калибрлі патрондарға ұқсас зат табылған.
Сараптама нәтижесінде тәркіленген қару 1962 жылы Тула қару-жарақ зауытында шығарылған 5,6 мм калибрлі «ТОЗ-16» мылтығы екені анықталды. Сондай-ақ, олардың ішінде 5,6 мм калибрлі 33 патрон, 16 калибрлі 10 дана және 12 калибрлі 1 патрондар табылды.
Тексеру кезінде полицейлер ер адамның қару иесі ретінде тіркелмегенін анықтаған. Сондай-ақ, арнайы базадан тексеру кезінде бұл мылтық тіркелген және қылмыстық қару базасында болмаған.
Ұлан аудандық ПБ тәртіп сақшылары күдіктіні полиция бөліміне жеткізді.
Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігімен «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.