Тоқаев AMANAT партиясының төрағасы ретінде өкілеттігін тоқтатқанын мәлімдеді
Ол партия төрағалығына Ерлан Қошановты ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясының кезектен тыс ХХІІI съезі кезінде партия төрағалығынан кету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгіннен бастап AMANAT партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтату туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда, Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент партияның төрағасы өкілеттігін тоқтатуына не себеп болғанын түсіндіріп өтті.
«Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым. Мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады. Бүгінгі өзгерістер «Аmаnаt»-тың заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашады. Партия елімізді өркендетуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз», - деді ол.
Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясындағы орнына Ерлан Қошановты ұсынды.
«Мен партия төрағасы лауазымына Ерлан Қошановты ұсынамын. Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Ерлан Жақанұлының ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат», - деді Мемлекет басшысы.