Мүгедек жандарға берілетін жәрдемақы 30 мың теңгеге артады деген ақпарат – жалған

Azattyq Rýhy

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады

ФотоГ: gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1, 2, 3-топтағы мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, бала кезінен мүгедектерге берілетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 30 мың теңгеден астам сомаға ұлғайтылғаны туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне байланысты болатынын естеріңізге сала кетейік.

«Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты индекстеледі. Мәселен, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері 5%-ға артады. Бұдан басқа, инфляция дәлізін 4-6%-дан 8-10%-ға дейін қайта қарауға байланысты жәрдемақыларға қосымша индекстеу жүргізу жоспарлануда», - делінген ведомство хабарламасында.

Жоғары мөлшердегі жәрдемақыларды төлеу Мемлекет Басшысы «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы «Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаннан кейін жүзеге асырылады, оның жобасы қазіргі уақытта ҚР Парламенті Сенатында қаралуда.

«Бұл ретте өткен уақыт үшін ағымдағы жылғы сәуірден бастап жәрдемақылардың жаңа мөлшеріне дейін тиісті қосымша ақы төленетін болады. Азаматтардан фейктерге назар аудармауды және ақпаратты тек ресми дереккөздерден пайдалануды сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз», - делінгени хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.