Қазақстанда орман өртінің саны 68 пайызға көбейген
Алайда, өрт аумағы төрт есеге қысқарып, 668 гектарды құрады
ТЖМ қабылдап жатқан шараларға қарамастан, елімізде өрт қаупі кезеңі басталғалы бері 42 орман өрті тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2021 жылмен салыстырғанда орман өрттерінің саны 68 пайызға артқан. Алайда, өрт аумағы төрт есеге қысқарып, 668 гектарды құрады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов мәлім етті.
«Тұтанған өрт тұрғын үй алаптарына ауысқанда ерекше алаңдаушылық туғызады. Мәселен, биыл 12 сәуірде Петропавл қаласының маңында құрғақ шөптің жануы нәтижесінде 200 астам саяжай құрылысы жойылып кетті және өрт сөндірушілердің жедел әрекеттері қайғылы салдардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Ал 14 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында ашық аумақтағы қамыстың жанған кезде айыптұрақтағы 6 автокөлік өртеніп, 4 көлік зақымданды. 15 сәуірде Павлодар облысында саяжай қоғамы аумағында өрт салдарынан 1 адам қаза тапты, өрттен 300 астам саяжай учаскесі зардап шекті. Орман және дала өрттерінің басым бөлігі шалғай аумақтарда пайда болады, ондағы 100 км-ден астам радиуста ТЖМ бөлімшелері жоқ екенін атап өту қажет», - деді спикер.
Нұрболат Дербісовтің айтуынша, өңірлерде әкімдіктер мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елдімекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру бойынша жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр. 2021 жылы еріктілер мемлекеттік өртке қарсы қызмет күштері мен құралдарын тартпастан, дала өртінің 25%-ын өз бетінше жоя алды.